2025 жылғы 25 шілдеде №7 қалалық емханасының қызметкерлерімен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі соңғы жаңашылдықтар бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысы өткізілді.
Жаңа заң аясында МӘМС жүйесінде маңызды өзгерістер орын алуда. Атап айтқанда, 2026 жылдан бастап жергілікті бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік әл-ауқаты дағдарыстық және шұғыл деңгейдегі (D және Е санатындағы) шамамен 1 миллион азамат МӘМС жүйесімен қосымша қамтылатын болады.
Бұл табысы төмен халықтың қосымша 5%-ының жоспарлы медициналық көмекке тегін қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Аталған санаттағы азаматтар медициналық көмекке жүгінген жағдайда, олардың сақтандыру жарналарын жергілікті атқарушы органдар төлейтін болады.
Сонымен қатар, жұмыссыздық деңгейін төмендету және халықты жұмыспен қамту – жергілікті атқарушы органдардың тікелей міндеті болғандықтан, ресми тіркелген жұмыссыздар үшін де МӘМС жарналары жергілікті бюджет есебінен төленеді.
Қазіргі таңда Қазақстан халқының 82,6%-ы немесе 16,9 миллион адам сақтандырылған. Оның ішінде 11,9 миллион адам (59,5%) – мемлекет есебінен жарна төленетін жеңілдік санатындағы азаматтар.
Алайда, 3,4 миллион азамат әлі де МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Оның 2,4 миллионы – әлеуметтік жағдайы қанағаттанарлық азаматтар болса, шамамен 1 миллионы – әлеуметтік әл-ауқаты төмен, яғни D және Е санатындағы азаматтар.
Еңбекке қабілетті азаматтар үшін жүйеге кіру қолжетімді:
✔️ Ай сайынғы жарна – 4 250 теңге
✔️ Жылына – 51 000 теңге
2027 жылдан бастап, Қазақстан мемлекет, жұмыс беруші және азаматтар арасындағы тең дәрежелі жауапкершілікке негізделген толыққанды сақтандыру моделіне көшуді жоспарлап отыр.
Бұл реформалар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексте көрсетілген өзара әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын жүзеге асыруға бағытталған. Бұл өз кезегінде азаматтың әлеуметтік жағдайына қарамастан, әділ әрі қолжетімді медициналық көмекке ие болуына жол ашады.
«Енді әлеуметтік жағынан ең осал топтағы азаматтар да еш кедергісіз сапалы медициналық көмек ала алады»